
Алматыда үндістандық студенттер футбол матчы кезінде төбелесіп қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, оқиға мамыр айының басында болған. Бастапқыда матч халықаралық деп хабарланған, бірақ іс жүзінде ол жергілікті деңгейде өтіп, төбелес Үндістан азаматтары арасында болған.
«Әрқайсысының әрекетіне ұсақ бұзақылық фактісі бойынша құқықтық баға берілді. Жанжалдың бірнеше қатысушысы жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта жанжалға қатысушылардың ел аумағында одан әрі болу мәселесі шешілуде», — деді Салтанат Әзірбек РСК алаңында өткен брифингте.
Сонымен қатар, спікер Алматыда шетелдіктер санының артып келе жатқанын атап өтті. Тек биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанға шамамен 2,8 миллион адам кірген. Оның едәуір бөлігі Алматыға келген. Қалада бүгінде 72 мыңнан астам шетел азаматы көші-қон есебінде тұр, оның 54 мыңнан астамы жақын шетелдерден келген. Полиция Алматыдағы көші-қон жағдайы тұрақты және барлық процестер бақылауда екенін атап өтті.
Дереккөз: Inalmaty.kz