
Алматыда Ұлы Отан соғысының 15 ардагері Жеңіс күніне орай біржолғы 5 млн теңге көлемінде жәрдемақы алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жыл сайын 9 мамырға дейін Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне біржолғы көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, 200 мың теңге көлеміндегі материалдық көмек 1969 жылы наурызда Даманский аралы ауданында және 1969 жылы тамызда Жалаңашкөл көлінде болған ұрыс қимылдарына қатысқан 17 адамға төленді.
100 мың теңгеден ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1353 адам, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының 2955 ардагері, сондай-ақ соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін орден және медальдармен марапатталған 4713 тыл еңбеккері алды.
Сонымен қатар, қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің 191 жұбайына 50 мың теңгеден төлем жасалды.
Төлемдер Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №73 шешімімен бекітілген азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүргізілді.
Материалдық көмек Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тізімдері негізінде өтінішсіз төленді.
Дереккөз: Almaty.tv