
ІІМ Қантар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақты анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. 27 сәуірде Алматыда Сайран көлінің жағасынан дүкеннен ұрланған қару табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері 900-ден астам қару айналымнан алынған. Оның ішінде Қантар оқиғалары кезінде ұрланған 74 қару да бар. Сондай-ақ төрт мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген.
27-29 сәуір аралығында елімізде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі өтті. Үш күн ішінде 67 оқ ататын қару және 200-ден астам түрлі калибрлі оқ-дәрі алынған.
«ІІМ еске салады: заңсыз сақталып жүрген қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады. Азаматтарды саналылық танытып, заңсыз сақталып жүрген қаруды тапсыру арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырамыз», — деді Нұрмағамбетов.
Дереккөз: Nur.kz