
Алматының Алатау ауданында Бауыржан Момышұлы, Мөңке би, Фариза Оңғарсынова көшелері мен Рысқұлов даңғылы аралығында жаңа жолдар салу жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лотта айтылған. Жобаны іске асыруға 67 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс басқармасы. Техникалық сипаттамаға сәйкес, жоба «Алматы Арена» маңындағы аумақты қамтиды және жаңа көше-жол желісін ғана емес, инженерлік инфрақұрылымды да кешенді дамытуды көздейді.
Жоба аясында екі және төрт жолақты қозғалысы бар 22,9 шақырым жаңа жол салу жоспарланған. Жүру бөлігінің ені 7-ден 15 метрге дейін, ал жабыны жоғары көлік жүктемесіне төзімді, берік әрі ұзақ мерзімді қиыршық тас-мастикалық асфальтбетоннан жасалады.
Автомобиль жолдарынан бөлек, жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын тротуарлар, ауданы 29 мың шаршы метрге жуық веложолдар салу және 852 су өткізгіш құбыр орнату жоспарланған.
Жоба сонымен қатар аумақты абаттандыру мен көгалдандыруды, нөсер кәрізі, жергілікті тазарту құрылыстарын, сыртқы жарықтандыруды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, электрмен жабдықтауды, телекоммуникация желілерін, бағдаршам нысандарын салуды және жол қозғалысын ұйымдастыруды қамтиды.
Нысан жауапкершілігі жоғары деңгейдегі санатқа жатқызылған, ал аумақ «Батыс қақпа» полиорталығы мен «Алматы Арена» маңындағы жаңа тұрғын үй құрылысын кешенді дамытудың бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың екінші тоқсанында басталады деп жоспарланған. Жобаның жалпы ұзақтығы – 29 ай.
Құрылыс ауданның көліктік қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға, қолданыстағы жол желісіне жүктемені азайтуға және жаңа тұрғын үй кварталдарына, коммерциялық нысандар мен әлеуметтік инфрақұрылымға ыңғайлы кіреберісті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бастапқыда жобаның жалпы құны ағымдағы және болжамды бағаларда 89 млрд теңгеге бағаланған еді. Алайда, мемлекеттік сатып алу порталындағы лотқа сәйкес, сома 67 млрд теңгеге дейін төмендетілген.
Бұған дейін Алматы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов 2026 жылы қаланың көлік жүйесін дамытуға 504 млрд теңге бөлінетінін хабарлаған. Бұл сомаға «Шығыс қақпа» және «Батыс қақпа» полиорталықтарындағы жол салу жобалары да кіреді.
Дереккөз: Inform.kz