
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Алматы метросындағы жақында болған түтіндеу оқиғасына байланысты метрополитеннің қауіпсіздігін тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Сенатордың айтуынша, 23 сәуірде «Алатау» станциясындағы техникалық ақау салдарынан болған түтіндеу жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселелерді көтерген. Оқиға жедел түрде тұрақтандырылғанымен, бұл мемлекеттік деңгейде шара қабылдауды қажет ететін тәуекелдердің бар екенін көрсетеді.
«Көлік логистикасы саласында тағы бір маңызды бағыт бар, ол жиі назардан тыс қалады – бұл еліміздегі жалғыз Алматы метрополитены. Жақындағы түтіндеу оқиғасы техникалық ақаудан болды және бұл күрделі алаңдаушылық туғызды. Жағдайды жедел тұрақтандыруға қарамастан, бұл мемлекеттік деңгейде шара қабылдауды қажет ететін тәуекелдердің бар екенін көрсетеді», – деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Сенатор құрамды жаңартудың кешігіп жатқанын атап өтті. Жаңа пойыздардың қазіргі қолданыстағы Hyundai Rotem компаниясының қозғалыс басқару жүйесімен толық үйлесімділігі техникалық құжаттамада талап етіледі. «Қозғалмалы құрамды жаңарту мәселелері әдеттегі сатып алулардан тыс және еліміздегі жалғыз метроның стратегиялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты», – деп қосты депутат.
Еске салайық, 23 сәуірде Алматыдағы «Алатау» метро станциясында қозғалмалы құрамның техникалық ақауы салдарынан түтіндеу болған еді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолаушылар вагоннан шығарылды.
Дереккөз: Nur.kz