
2025 жылы Алматыда 1,6 млрд теңгеге 188 ағза трансплантациясы операциясы жасалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматыдағы Медициналық сақтандыру қоры филиалының мәліметінше, ағза трансплантациясы жоғары технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады, ал олардың құны 2-ден 12 млн теңгеге дейін өзгереді. Барлық шығындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетімен жабылады.
Қазіргі уақытта МӘМС жүйесі аясында дәрігерлер жүрек, бауыр және бүйрек трансплантациясы бойынша операциялар жасайды. Сондай-ақ аутологиялық және аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау жүргізіледі.
— Мұндай операцияларды жасау үшін тиісті материалдық-техникалық база және кадрлық әлеует қажет. Алматыда бұл бағыт жақсы дамып келеді деп айта аламыз. Өйткені мұнда республикалық, ғылыми-зерттеу институттары мен мамандандырылған клиникалар шоғырланған, — деді филиал директоры Ілияс Мұхамеджан.
Ағза трансплантациясына күту парағын Денсаулық сақтау министрлігі реттейді, ол тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдар немесе бейінді орталықтар арқылы жүзеге асырылады. Күту парағына қосылу үшін мультидисциплинарлық мамандар тобынан немесе Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығынан қорытынды алу қажет. Операция кезегі гистологиялық үйлесімділік, медициналық көрсеткіштер және жағдайдың шұғылдығы негізінде анықталады.
Дереккөз: Inform.kz