
Әлеуметтік желіде Алматыда полиция қызметкерінің жасөспірімді қуып, ұстаған сәті түсірілген видео тарады. Жазбаны Threads әлеуметтік желісінде Аман Тоқтар деген қолданушы жариялаған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Видеода бір топ жасөспірімнің мопедпен жол қозғалысына қауіп төндіріп, гонка ұйымдастырғаны көрінеді. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 102 пультіне осыған байланысты тұрғындардан хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік экипаж жіберілген.
Полиция қызметкерлері келгенде, кейбір қатысушылар көліктерін тастап, қашуға тырысқан. Құқық бұзушылықтың жолын кесу кезінде кәмелетке толмаған біреуі ұсталды. Оның ұсталу сәті видеоға түсіп қалған. Бұл оның полиция қызметкерлерінің заңды талаптарынан жалтару әрекетімен байланысты, — деп хабарлады ведомство.
Ұсталған жасөспірімнің 16 жаста екені анықталды. Ол жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, оның заңды өкілі де бала тәрбиесі мен бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмағандардың бос уақыты мен мінез-құлқына ерекше көңіл бөлуге, сондай-ақ жол жүрісі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Дереккөз: Nur.kz