...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда Аягүл Миразова атындағы республикалық олимпиада жеңімпаздары анықталды

2026 жылғы 28 сәуірде Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында Аягүл Миразова атындағы II Республикалық математикалық олимпиаданың салтанатты жабылу және марапаттау рәсімі өтті. Байқауға Қазақстанның 20 өңірінен 183 оқушы қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша 9 қатысушы «Ерекше жетістіктер үшін» номинациясында марапатталды, 7 оқушы III дәрежелі жүлдегер атанды, 4 қатысушы II орынды иеленді, ал 2 оқушы I орынды жеңіп алды. Алматы қаласының оқушылары Омар Айсұлтан I орынға, ал Тілеухан Бекзат III дәрежелі жүлдегер атанды. Павлодар облысынан келген Ақмал Шаяхметов «2026 жылдың ең жас қатысушысы» арнайы номинациясымен марапатталды.

«Бұл олимпиада – ақыл мен еріктің нағыз мерекесі. Қатысушылардың дайындық деңгейі жыл сайын артып келеді. Мұндай жобалар дарынды балаларды анықтап қана қоймай, бүкіл білім беру қоғамдастығына жоғары стандарт белгілейді. Олимпиаданың ғылым мен балаларға қызмет етудің үлгісі болған Аягүл Төреевна Миразованың есімімен аталуы қуантады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы Дарыны» дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры Гүлнұр Кәрімғажы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы Білім басқармасының I, II және III дәрежелі дипломдарымен және «Marwin» дүкендер желісінің сертификаттарымен марапатталды. Ақшалай сыйлықтар олимпиада негізін қалаушы Аягүл Миразованың атынан берілді. I орын иелері 70 000 теңгеге сертификат және 50 000 теңге ақшалай сыйлық, II орын иелері 50 000 теңгеге сертификат және 40 000 теңге, III орын иелері 30 000 теңгеге сертификат және 30 000 теңге алды.

Дереккөз: Almaty.tv