
Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында әуесқойлар арасында шахмат турнирі өтті. Оны республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігі филиалының өкілдері мен қала белсенділері ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Басты мақсат – интеллектуалды спорт түрлерін насихаттау, қабілеттерді дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Жарысқа әртүрлі жастағы, мамандықтағы және қызығушылықтағы 40-тан астам адам қатысты. Қорытындысында 4 жеңімпаз анықталып, оларға естелік сыйлықтар табысталды. Ал кейбір белсенді ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды.
«Біз ешкімді назардан тыс қалдырмауға тырыстық, сондықтан әртүрлі номинацияларды қарастырдық. Ең жас қатысушыларды да, ақсақалдарымызды да, сондай-ақ жеңіске деген құлшынысы үшін белсенді ойыншыларды да атап өттік. Этноорталықтардың өкілдеріне алғыс ретінде кубоктар табыстадық. Әрине, барлық қонақтарға дастархан жайылды», – деді ұйымдастырушы Махмұтжан Мансұров.
«Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз қалалық шахмат турнирін ұйымдастырдық. Оның мақсаты – адамдарды біріктіру, әртүрлі этномәдени бірлестіктерден келген қатысушылар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту», – деп атап өтті ұйымдастырушы Рысбек Тоғабоев.
Дереккөз: Almaty.tv