
Қазақстанның ірі қалаларында азаматтардың құпия деректерін заңсыз таратумен айналысқан топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы наурызда Астана мен Алматыда Қазақстан азаматтарының жеке деректерін жинау және таратуға байланысты заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылған.
Тергеу материалдары бойынша, қылмыстық істің фигуранттары интернетте заңсыз жолмен алынған ақпаратты сатқан. Сатып алушылар ретінде кейбір микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған, — деп атап өтті ҰҚК.
Ведомствоның дерегінше, тінту барысында компьютерлік техника, электронды ақпарат жеткізгіштер, ірі көлемдегі ақша қаражаты және өзге де заттай дәлелдемелер алынған.
Қылмыстық кодекстің 147, 208 және 210-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөліміне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Дереккөз: Nur.kz