
Алматыда қайта тіркеуден өтпеген КСК шілде айына дейін таратылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мегаполисте шамамен 9,6 мың көппәтерлі тұрғын үй бар, оларды 2,5 мыңнан астам субъект – ОСИ, КСК және басқарушы компаниялар басқарады. Өткен жылы 265 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 66 әкімшілік хаттама толтырылып, 37 субъект 10 млн теңгеден астам сомаға жауапкершілікке тартылды. Биыл 151 тексеру басталған.
«Тұрғындардың шағымдарының негізгі себептерінің бірі – тұрғын үй қорының тозуы. Күрделі жөндеудің уақтылы жүргізілмеуі, конструкциялар мен инженерлік жүйелердің физикалық ескіруі, сондай-ақ жинақталған пайдалану проблемалары – басты факторлар», – деді Жандос Қайырханов.
Сондай-ақ заңнамалық өзгерістерге сәйкес, «жай серіктестік» нысаны алынып тасталып, енді ОСИ және тікелей бірлескен басқару ғана қалды. ОСИ төрағасының өкілеттік мерзімі үш жылға дейін ұзартылып, басқарушы компанияларды тарту мүмкіндіктері кеңейтілді.
Қолданыстағы КСК 2026 жылдың шілдесіне дейін қайта тіркелуден өтуі керек. Ол үшін өтініш, жиналыс хаттамасы және ХҚО арқылы тіркеу алымын төлеу құжатын тапсыру қажет. Қайта тіркелмеген жағдайда, тұрғын үй инспекциясы сот арқылы КСК-ны мәжбүрлеп таратуды іске асырады. Заңда уақытша басқарушы компаниялар механизмі де қарастырылған, ол жаңа үйлерге де, тұрғындары әлі басқару нысанын таңдамаған үйлерге де қолданылады.
Дереккөз: Nur.kz