...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы метросын салу кезіндегі 5 млрд теңге жымқыру: кассациялық тексеру нәтижелері жарияланды

Бас прокуратура Алматы метросын салу кезінде 5 млрд теңгені жымқыру ісі бойынша кассациялық тексеру нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

2024 жылы осы іс бойынша 10 лауазымды тұлға сотталған еді. Тексеру барысында тағы 127 млн теңге көлеміндегі жымқырылған қаражат басқа заңды тұлғаның банктік шоттарынан анықталды. Прокурордың кассациялық наразылығы бойынша сот актілері өзгертіліп, ақша мемлекет кірісіне айналдырылды.

Бұл факт мемлекеттік қаржыға қол сұғушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын айқын көрсетеді. Бюджет қаражатын жұмсау кезінде лауазымды тұлғалар мен өзге де құқық қатынастарына қатысушылар адалдық, заңдылық және жеке жауапкершілік танытуға міндетті, өйткені бұл саладағы кез келген теріс пайдалану мемлекеттің ерекше бақылауында болады және қатаң құқықтық салдарға әкеп соғады, — делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Еске салайық, 2024 жылғы маусымда Алматы соты 2018–2020 жылдары метроның екі станциясын салу кезінде 5 млрд теңге жымқырған 10 адамға үкім шығарды. Негізгі фигуранттар 7–8 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік және қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан айрылды. Сондай-ақ «Метрополитен» КМК қызметкерлері локомотивтерге арналған резеңке серіппелерді 137 млн теңгеге асыра бағаланған бағамен сатып алғаны хабарланды.

Дереккөз: Nur.kz