...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы метросына қатысты іс бойынша 127 млн теңге мемлекетке қайтарылды

Алматыда метрополитен құрылысы кезінде жымқырылған 127 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Тергеу барысында «Метрополитен» КМК лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйымдар өкілдері Алматы метросын салу мен жабдықтауға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Мемлекетке келтірілген залал ерекше ірі деп бағаланды.

Алмалы аудандық сотының үкімімен кәсіпорын мен мердігер ұйымдардың 10 қызметкері кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот мүлікті тәркілеп, залалды ортақ тәртіппен өндіріп алуды бұйырды.

Кассациялық қарау барысында жымқырылған қаражаттың 127 млн теңгесі басқа заңды тұлғаның банк шоттарында жатқаны анықталды. Прокурордың наразылығы бойынша сот актілері өзгертіліп, аталған қаражат мемлекет кірісіне айналдырылды.

Дереккөз: Inalmaty.kz