
Алматыда биыл саябақтар, скверлер мен жағалауларды абаттандыру бойынша бірқатар жоба іске асырылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Негізгі жобалар қатарында – Тұңғыш Президент саябағы, Есентай өзенінің учаскелері және Баум тоғайын жаңарту бар. 2025 жылғы жағдай бойынша Алматыда 12 саябақ, 141 сквер, 31 жаяу жүргіншілер аймағы, 21 бульвар, 326 жасыл аймақ және 11 жағалау тіркелген. Жасыл аумақтардың жалпы ауданы 977 гектарды құрайды.
Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы агенттіктің сауалына жауап бере отырып, ведомство Алматы аумағында саябақтар, скверлер және субұрқақ шаруашылығын дамыту арқылы қаланың қоғамдық кеңістіктерін қалыптастыру саласында басшылықты жүзеге асыратынын нақтылады.
Бостандық ауданында бірден бірнеше жоба жоспарланған. Қайта құру кезең-кезеңімен, бүкіл аумақты толық жаппай жүргізіледі. Алдымен саябақтың оңтүстік бөлігіне кіру уақытша шектеледі, онда негізгі жұмыстар басталады, ал қалған аумақ – орталық аймақтан кіреберіс аркасына дейін – ашық қалады.
Түрксіб ауданында Баум тоғайын кең ауқымды жаңарту жүріп жатыр.
— Баум атындағы тоғайдың аумағын табиғи ландшафты сақтай отырып және функционалды аймақтарға бөле отырып, күрделі жөндеу және қалпына келтіру жобасы іске асырылуда. Аяқталу мерзімі — 2026 жылдың маусымы. Жұмыс көлемі жеке инвестициялар есебінен 4,756 млрд теңгені құрайды, — деп хабарлады басқарма.
Сондай-ақ қалада жаңа қоғамдық кеңістіктер жоспарланған.
— 2026 жылы Наурызбай ауданында Абай мен Алатау даңғылдарының қиылысында жаңа қоғамдық кеңістік құру бойынша жобалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. 2026 жылға арналған абаттандыру объектілерінің тізбесін қалыптастыру жұмысы жалғасуда, — деп нақтылады ведомство.
Басқармада атап өткендей, барлық жобалар қалалық ортаны дамытуға және мегаполистің тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған.
Бұған дейін Алматының Медеу ауданында 2026 жылы 30-дан астам қоғамдық кеңістік абаттандырылатыны хабарланған болатын. «Медеу» саябағының аумағын дамыту жоспарлануда. Жоба ұзындығы 6 шақырым жаяу жүргіншілер маршрутын құруды, сондай-ақ демалыс аймақтары мен тартымдылықтың негізгі нүктелерін дамыта отырып, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтауды көздейді.
Сонымен қатар, Алатау ауданында жаңа саябақ салу жоспарланған. Ол «Дарабоз» шағын ауданында Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында орналасады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Қаражат бөлінген жағдайда құрылыс-монтаж жұмыстары 2026–2027 жылдары жүргізіледі.
Дереккөз: Inform.kz