...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт салынады: 280 млн доллар инвестиция

Алматыда қоқысты өңдеп, электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы басталуға дайын. Жоба Алатау ауданында жүзеге асырылып, қытайлық компания қатысады. Инвестиция көлемі 280 млн АҚШ долларынан асады (шамамен 130 млрд теңге), деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Зауыт тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қоқыс өңдеп, қалалық энергожүйеге 60 МВт электр қуатын бере алады. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары аяқталды: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен инвестициялық келісімге қол қойылып, қоқыс жеткізу және өндірілген электр энергиясын беру бойынша негізгі келісімдер жасалды.

Жоба заманауи автоматтандырылған тазарту жүйелерімен жабдықталып, халықаралық экологиялық стандарттарға сай болады. Құрылыс кезеңінде 700-ге жуық жұмыс орны ашылып, пайдалануға берілгеннен кейін 120 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Зауыт полигондарға жүктемені азайтып, қоқыс көлемін қысқартып, оларды өңдеу арқылы қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 29 тамызда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен қытайлық «Junxin Environmental Protection» компаниясы Алматыда қоқыс жағатын зауыт салу жобасы бойынша инвестициялық келісімге қол қойған болатын.

Дереккөз: Almaty.tv