
ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Халықаралық Алматы әуежайының президенті Гокер Косемен бірге әуежайдың ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Сапар ішкі рейстер терминалын (Т1) тексеруден басталды, онда қазір кешенді қайта жаңарту жүріп жатыр. Министрге багаж беру және жолаушыларды тіркеу аймақтарының жаңартылған нұсқалары көрсетілді. Әуежай президенті Гокер Косенің айтуынша, Т1 терминалын қайта жаңарту ағымдағы жылдың шілдесінде аяқталады.
Сондай-ақ сапар барысында автотұрақ кеңістігін кеңейту және әуежай жанындағы қонақ үй кешенінің құрылыс алаңы жоспарлары ұсынылды.
Делегация халықаралық терминалға (Т2) барды, онда төбе құрылымдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Т2-де министр әуежай мұражайы мен Әуежайды жедел басқару орталығын (ӘЖБО) аралады, бұл орталық жерүсті қызметтерін үйлестіруді және әуежайдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Сапар перронда аяқталды, онда аэродром инфрақұрылымы нысандары, оның ішінде жанармай құю кешені және ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеу алаңы көрсетілді.
Барлық жобалар 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму бас жоспарының бірінші кезеңі – Horizon аясында жүзеге асырылуда, ол 130-дан астам инфрақұрылымдық бастаманы қамтиды. Негізгі бағыттар:
- ұзындығы 4400 метр жаңа руль жолын салу;
- бетон жабыны бар ұшу-қону жолағын қайта жаңарту;
- VIP-перрон мен ұшақ тұрақтарын жаңарту;
- жаңа жүк перроны мен техникалық қызмет көрсету ангарын құру.
Бас жоспарды іске асыру әуежайдың өткізу қабілетін жылына 40 млн жолаушыға дейін арттыруға және 2300-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Кешенді жаңғырту Алматының Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі авиациялық хабтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.
Дереккөз: Almaty.tv