
Алматыда 24-ші Қазақстан халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесі — KITF 2026 өз жұмысын аяқтады. Үш күн ішінде шара 6 мыңнан астам келушіні жинап, Орталық Азиядағы ең ірі туристік алаңдардың біріне айналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Көрмеге әлемнің 24 елінен 414 компания қатысты. Алғаш рет Кипр, Моңғолия, Шри-Ланка және Абу-Даби әмірлігі өз өнімдерін ұсынды, бұл қатысушылар географиясының кеңейіп, Алматыға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
Қазақстан атынан 68 компания қатысты. Көрме іскерлік кездесулер, серіктестік байланыстарды нығайту және қаланың туристік әлеуетін ілгерілету алаңына айналды.
Алматы қаласы Туризм басқармасының туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбиханның айтуынша, мұндай шараларға қатысу кіріс туризмін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Көрме жетекшісі Виктория Павленконың сөзіне сүйенсек, Алматы шетелдік туристер үшін, оның ішінде сауықтыру және wellness-туризм сегментінде сұранысқа ие бағыт мәртебесін сақтап отыр.
Халықаралық көрмелерді өткізу туристік саланы дамытудың және туристік ағынды арттырудың тиімді құралы болып қала береді.
Дереккөз: Almaty.tv