...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда оқушы балтамен мектепке келді: полиция тергеу жүргізіп жатыр

Алматыдағы мектептердің бірінің оқушысы сабаққа балтамен келген. Бұл ақпарат Telegram-арнада тараған соң, Алматы полициясы жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Almaty Today Telegram-арнасында жарияланған мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған қыз әлеуметтік желі арқылы нұсқау алып, құқық бұзушылық жасамақ болған. Полиция қызметкерлері уақытылы араласып, оқиғаның алдын алды.

Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, Жетісу ауданы полиция басқармасы осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу барысында кәмелетке толмаған қыздың әлеуметтік желідегі нұсқауларды орындап, құқыққа қарсы әрекет жасауды жоспарлағаны анықталды. Полицияның дер кезіндегі шараларының арқасында құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жасөспірімді құқыққа қарсы әрекетке тартуға қатысы бар адамдар анықталуда. Кәмелетке толмаған қыздың заңды өкілдеріне қатысты тәрбиелік міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — деп мәлімдеді полиция департаменті.

Ведомство ата-аналарды балаларының интернеттегі мінез-құлқын бақылауға және кез келген алаңдатарлық белгілерге уақытылы ден қоюға шақырды.

Еске сала кетейік, ақпан айында Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектепте оқушы балтамен дәлізде жүгіріп, басқа жасөспірімдерді қудалаған видео әлеуметтік желіде тараған еді. Полиция оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алғанын хабарлады. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, мектеп директоры өз еркімен қызметінен кеткен. Атырау облысындағы жағдайға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова түсініктеме берді.

Дереккөз: Nur.kz