...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматылық оқушының ауадан су алу технологиясы БҰҰ-да мойындалды

Алматыдағы №79 гимназияның 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек ауадан ауыз су алу технологиясын жасап, БҰҰ деңгейінде танылды. Оның жетістіктері Қазақстанды әлемдік ғылым сахнасында танытып отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

2024-2025 жылдары Дана Satbayev University базасындағы Kazakhstan Smart Space халықаралық ғарыштық технологиялар байқауында жүлделі орындарға ие болды. Кейін Olimpiad USA математикалық олимпиадасында 2-орын, ал Индонезияда өткен YISF конкурсында жеңіске жетті.

2025 жылдың шілдесінде Сеулде өткен WICO жаһандық жастар ғылыми олимпиадасында Дана алтын медаль алды. Қазылар алқасы оның «Фумарат алюминийі негізіндегі металл-органикалық қаңқалық құрылымдарды атмосферадан су жинау үшін синтездеу» тақырыбын жоғары бағалады. Бұл құрылғы тіпті құрғақ аймақтарда да ауыз су алуға мүмкіндік береді.

2026 жылдың сәуірінде Венадағы БҰҰ штаб-пәтерінде UNIDO ұйымдастырған Cleantech Days Forum 2026 форумында Дана Қадырбек әлемнің үздік жас өнертапқыштарының ТОП-3 қатарына енді.

Отанда оның жетістіктері елеусіз қалмады:

  • 2025 жылғы 3 желтоқсанда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен өнертабысты пилоттық енгізу туралы меморандумға қол қойылды;
  • 2025 жылғы желтоқсан – «Халықтың сүйіктісі» XV ұлттық сыйлығының лауреаты;
  • 2026 жылғы 14 қаңтар – «Дарынды балалар — ұлт болашағы» салтанатты іс-шарасы аясында Алматы қаласы әкімінің сыйлығы.

«Біз дәл біздің оқушымыз – Дана Қадырбектің ауыз су тапшылығы мәселесін шеше алатын технологияны ұсынғанына мақтанамыз. Дана сияқты таланттар – біздің басты стратегиялық ресурсымыз және жаһандық технологиялық болашаққа ашылған тереземіз», – деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының м.а. Сәкен Аралбаев.

Бүгінде Дана құрбыларына үлгі: мақсаттылық, еңбек және ғылымға деген сүйіспеншілік мектеп партасынан әлемдік деңгейге жеткізеді. Оның жетістіктері гимназия тарихына енді және жақын арада елдің құрғақ аймақтарында сумен жабдықтау жүйесін өзгертуі мүмкін.

Дереккөз: Almaty.tv