
Алматыда тағы бір заңсыз нысан бұзылды. Ол Поддубный көшесінде орналасқан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің рұқсат құжаттарынсыз өз бетінше қосымша құрылыс салып, оны жазғы кафе ретінде пайдаланғаны анықталған.
Кейін меншік иесіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, құрылысты бұзу талап етілген.
Бүгінгі күні нысан меншік иесімен ерікті түрде, нұсқама талаптарын орындау мақсатында бұзылды, — делінген әкімдік хабарламасында.
Бұған дейін Алматыда рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген «Береке» сауда нарығы бұзылған болатын.
Дереккөз: Inform.kz