
Акушер-гинеколог Виктор Ким медицинада жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеп, қазір Алматыдағы емханалардың бірінде 350 маманнан тұратын команданы басқарады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Виктор Ким – Қызылорда облысынан шыққан акушер-гинеколог. Ол Қарағанды мемлекеттік медицина университетін бітіріп, туған өлкесінде 20 жылдай жұмыс істеген, кейін Алматыға көшкен. Қазір ол қалалық емханада жоғары кәсіби мамандар тобын басқарады. Дәрігер бала кезінен адамдарға көмектесуді армандаған. Жылдар бойғы тәжірибеде ол ондаған әйелді өмірінің маңызды кезеңінде сүйемелдеген. Лауазымы өзгерсе де, пациенттермен байланыс оның кәсібіндегі басты бағдар екенін айтады.
«Мен көптеген баланы қабылдадым, көп жылдар өткен соң кіндігін кескен балаларды кездестіремін. Олар Instagram, Facebook арқылы хат жазып, сәлем жолдайды. Бұл маған үлкен қуаныш сыйлайды, менің дәрігер ретінде табысты болғанымды сезіндіреді. Алғыс білдіретін пациенттер – дәрігер қызметінің ең жоғары бағасы», – деді №37 ҚҚКП емханасының емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Виктор Ким.
Акушер-гинеколог жұмысы кәсіби біліммен қатар, жылдам шешім қабылдау дағдысын талап етеді. Әр пациенттің тарихы бірегей, әр қабылдау адамның толғанысы, үміті мен сеніміне негізделген. Сондықтан заманауи медицина адамға мұқият қараусыз мүмкін емес, дейді дәрігер. Мамандардың пікірінше, әрбір медицина қызметкері дұрыс диагноз қоюмен қатар, пациенттің сеніміне кіріп, қолдау көрсете білуі керек.
«Жалпы, барлық медицина қызметкерлері пациенттерге психологиялық көмек көрсете білуі тиіс. Олар өз ісінің маманы болып, шыдамдылық танытуы қажет. Дәрігердің жұмысы оңай емес. Біз Виктор Эдуардовичпен 13 жыл бірге жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде ол өзінің кәсібилігін бірнеше рет дәлелдеді. Басшы әріптестеріне үлгі болатындай болуы керек», – деді №37 ҚҚКП емханасының емдеу ісі және балалар денсаулығы жөніндегі директордың орынбасары Шұғыла Тәжібаева.
Қазір Виктор Ким жаңа қалалық емханада басшы ретінде алғашқы медициналық көмек жүйесін дамытуды жалғастыруда. Мекеме бір ауысымда 500 келуге есептелген, диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жабдықталған, сондай-ақ аз қозғалатын топтар үшін толық бейімделген. Дәрігердің басшылығымен 350-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Әкімшілік лауазымға қарамастан, оның бүкіл мансабындағы басты ережесі өзгеріссіз қалады: назар ортасында әрқашан пациент болуы керек.
Дереккөз: Almaty.tv