
Алматыдағы мемлекеттік қызметшілер кеңсе креслоларын спорт алаңдарына ауыстырды. Мегаполисте мемлекеттік аппарат қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оған 130-дан астам адам қатысты. Мини-футбол, волейбол, шахмат, армрестлинг және арқан тарту сынды жарыстардың бағдарламасы 8 спорт түрін қамтыды. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Алматы қаласының әкімдігі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі. Олардың пікірінше, спорт – бұл жұмыстан үзіліс емес, оның сапасына салынған инвестиция.
«Мұндай іс-шаралар ең алдымен денсаулық үшін маңызды. Үстел басында жұмыс істеу, тұрақты жүктеме – ағзаға демалыс қажет. Спорт дәл осыны береді. Сондай-ақ ұжымды біріктіреді – бұл да ортақ іс үшін маңызды», – деді Алмалы ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Енлік Наухан.
Дереккөз: Almaty.tv