
Алматыда Диваев көшесі, 21/1 үй мекенжайында орналасқан дүкен бұзылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында нысанның иесі жобалық-сметалық құжаттамасыз және сараптама қорытындысынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз салынғаны анықталған.
Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
Нұсқама талаптарын орындау аясында қазіргі уақытта заңсыз құрылысты меншік иесі өз күшімен бөлшектеді, — делінген әкімдік хабарламасында.
Қалада заңсыз нысандарды анықтау және бұзу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін сот шешімімен Достық даңғылы, 42/74 мекенжайындағы тұрғын үйге салынған жазғы алаңы бар қосымша құрылыс, заңсыз минимаркет, Сейфуллин даңғылы, 348 мекенжайындағы бес қабатты ғимарат, Дуйсенов көшесіндегі мейрамханаға салынған екі қабатты қосымша құрылыс, Розыбакиев көшесіндегі заңсыз сауда нысаны бұзылған.
Сонымен қатар Циолковский көшесіндегі ірі нысан, Розыбакиев көшесіндегі мейрамхананың заңсыз жазғы террасасы, Қажымұқан көшесіндегі мейрамхана террасасы, Төле би көшесі, 293/1 мекенжайындағы қоғамдық тамақтану нысаны, Хажы Мұқан көшесі, 34 мекенжайындағы азық-түлік дүкеніне салынған қосымша құрылыс сүрілген.
Дереккөз: Inform.kz