
Қытай азаматшасы Алматы тауларында 2510 метр биіктікте квадроциклден аударылып, құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2001 жылы туған Қытай азаматшасы Үлкен Алматы көлі ауданында квадроциклмен жүріп келе жатып аударылған. Құлау салдарынан турист оң қолынан жарақат алды.
Оқиға орнына ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару жасағының құтқарушылары жедел жетіп, зардап шеккен қызға алғашқы көмек көрсетіп, таулы жерден қауіпсіз түсіруді ұйымдастырды. Одан кейін оны ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды.
Қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін қыз Алматыдағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Дереккөз: Nur.kz