...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда білім және мәдениет қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды

Алматы қаласының білім және мәдениет саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Парасат» ордені мәдениет саласындағы елеулі жетістіктері және Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін Сәкен Қордабайұлы Майғазиевке – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «МузАрт» тобының солисті, продюсер және тележүргізушіге берілді.

«Құрмет» ордені білім беру жүйесіндегі көп жылғы адал еңбегі үшін Атығай Бүркітбайұлы Бижановқа – Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегеріне табысталды.

Дәл осы жоғары наградаға Нышанкүл Қансейітқызы Қаратаева – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қазақстан өкілі ие болды. Орден оған елдің дамуына қосқан үлесі, кәсіби жетістіктері және қоғам игілігі үшін белсенді қызметі үшін берілді.

Сондай-ақ «Құрмет» орденімен Кенжебек Тұрсынбайұлы Жанәбілов қазақ өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі, шығармашылық қызметтегі жоғары нәтижелері және мәдени саладағы еңбегі үшін марапатталды.

Салтанатты шара барысында Абзал Нүкенов марапатталғандарды құттықтап, олардың кәсіби жетістіктері мен елдің дамуына қосқан үлесі әрқашан мемлекет тарапынан жоғары бағаланатынын атап өтті.

Дереккөз: Zakon.kz