...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда «Зерделі ұрпақ» тогызқұмалақ фестивалі басталды: шеберлік сабақтары мен кітап көрмесі

Алматыда «Зерделі ұрпақ» тогызқұмалақ фестивалі басталды. Күн бойы спортшылар интеллектуалды партияларда жарысып қана қоймай, мықты ойыншылардан тәжірибе жинақтайды. Турнир аясында шеберлік сабақтары, дәрістер, кітап көрмесі, фото және видео аймақтар ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық интеллектуалды ойындарды халық арасында насихаттау. Оған жастар да, егде буын өкілдері де қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойыншылар тек интеллектуалды жарыстарда күш сынасып қана қоймай, ұлттық ойынның тарихымен және ерекшеліктерімен таныса алады. Фестиваль сағат 21:00-ге дейін жалғасады. Қатысу үшін тіркелу қажет. Жеңімпаздарды медальдар мен бағалы сыйлықтар күтеді.

«Мұнда қатысушылар тек тогызқұмалақ ойнап қана қоймай, басқа халықтардың ұқсас ойындарын да ойнай алады. Мысалы, түрік интеллектуалды ойыны «мангала», ежелгі африкалық үстел ойыны «овари» және тағы басқалар. Басқаша айтқанда, қатысушылар шетелдік ойыншылармен тәжірибе алмаса алады. Іс-шара сағат тоғызда аяқталады, сондықтан кез келген адам келіп, өз күшін сынай алады», – деді қалалық тогызқұмалақ федерациясы директорының міндетін атқарушы Азамат Қалдыбаев.

«Бүгінде 60 елде адамдар тогызқұмалақ ойнайды. Ал Алматы осы ойынның әлемдік астанасы саналады. Бұл оның танымалдылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінгі іс-шара кездейсоқ емес. «Зерделі ұрпақ» фестивалі – ұлттық интеллектуалды мұраны, білім мен технологияны, шығармашылық пен спортты біріктіретін бірегей алаң. Біздің мақсатымыз – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу. Іс-шара жоғары деңгейде өтеді деп үміттенеміз», – деп атап өтті Республикалық тогызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын.

Дереккөз: Almaty.tv