
Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бақылау жұмысы барысында бірқатар ірі сауда субъектілері тарапынан заңнама талаптарының бұзылуы анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, «Омаров» ЖК, «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын төмен бағамен сатып алып, оларды басқа сауда субъектілеріне 17%-дан 86%-ға дейін негізсіз сауда үстемесімен өткізген. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Аталған фактілер бойынша жоспардан тыс тексерулер тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша бұзушыларға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, айыппұлдар салынды.
Жыл басынан бері бақылау іс-шаралары аясында 171 сауда субъектісіне қатысты жалпы сомасы 3,4 млн теңгеден асатын 643 әкімшілік хаттама жасалды. Оның ішінде 467 хаттама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті рұқсат етілген мөлшерінен асып кеткені үшін, тағы 176 хаттама Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін ресімделген.
Жалпы, жыл басынан бері тексерулер барысында бір сауда желісі, бір көтерме сауда алаңы және 11 сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 40%-дан 203,8%-ға дейін негізсіз сауда үстемесін қолданғаны анықталды.
— Сонымен қатар, Үкіметтің азық-түлік нарықтарының қызметін реттеу және тиімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңірлік комиссия «Алтын Орда» нарығында 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша жеткізу тізбегінен жеті тиімсіз делдал шығарылды, — деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінде.
Қазіргі уақытта өңірдің өндірушілері мен ірі жеткізушілерінің тізімі қалыптастырылды. Сондай-ақ электрондық шот-фактураларды талдауды пайдалана отырып, делдалдық схемаларды анықтау және жою жұмыстары жалғасуда.
Мемлекеттік кіріс органдарынан алынған электрондық шот-фактураларды талдау кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатуды жүзеге асыратын бірқатар ірі сауда субъектілерінің бұзушылықтары да анықталды. Министрлікте қабылданып жатқан шаралар тауар өткізу тізбектерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Дереккөз: Inform.kz