...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы «Совминка» ауқымды жаңғыртудан өтеді: ескі ғимараттар бұзылып, жаңа корпустар салынады

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі, яғни «Совминка» ауқымды жаңғыртудан өтеді. Жоба инфрақұрылымның бір бөлігін жаңартуды және заманауи көпбейінді кешен құруды көздейді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Ұлттық госпиталь баспасөз қызметінің мәліметінше, техникалық тексеру нәтижелері бойынша 1950–1970 жылдары салынған жекелеген ғимараттардың физикалық тозу деңгейі жоғары және олар қауіпсіздік, сейсмикалық төзімділік және емдеу процесін ұйымдастырудың заманауи талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Құрылымдарда жарықтар мен инженерлік желілердің айтарлықтай тозуы сияқты ақаулар табылды. Сонымен қатар, қосымша бағалау қорытындысы бойынша 2024 жылғы сейсмикалық әсерлерге байланысты жекелеген корпустардың зақымдануы тіркелді.

— Тарихи емдеу корпусы сақталып, қайта жаңартылады. 1950–1960 жылдардағы ғимараттар бұзылуға жатады, өйткені олар медициналық инфрақұрылымның заманауи стандарттарына сәйкес келмейді, — деді ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің директоры Асхат Бралов.

Жоба аясында қолданыстағы ғимараттардың орнына кезең-кезеңімен жаңа медициналық корпустар салу және бүкіл инфрақұрылымды кешенді жаңарту көзделген. Барлық іс-шаралар «Совминканың» қызметін толық тоқтатпай жүргізіледі. Бейінді бөлімшелерді басқа медициналық ұйымдарға ауыстыру жоспарланбаған. Ұжым толық көлемде сақталады, ал қолданыстағы жарамды медициналық жабдық медициналық көмек көрсету кезінде пайдаланыла береді.

Асхат Браловтың айтуынша, медициналық персонал мен жабдықты орналастыру бойынша дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілген.

— Пациенттерді госпитализациялау және медициналық персоналдың жұмысы үшін барлық логистикалық жолдар алдын ала дайындалды. Біз пациенттерді қабылдауға дайынбыз. Қала тұрғындары мен республикамызға медициналық көмек көрсету бойынша алдымызға қойған барлық міндеттемелерді толық көлемде орындаймыз, — деп қосты Асхат Бралов.

Ұлттық госпитальдің жаңа нысандарын салу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, оның басталуы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Жұмыстың бірінші кезеңін аяқтау 2028 жылға, ал жобаны толық аяқтау 2029 жылға белгіленген. Қайта жаңғыртудан кейін госпиталь жаңартылған операциялық бөлмелері, жоғары технологиялық жабдықтары, жайлы палаталары және заманауи инженерлік инфрақұрылымы бар заманауи медициналық орталыққа айналады. Сондай-ақ медициналық процестерді басқарудың цифрлық жүйелерін, интеллектуалды навигацияны және медициналық логистика саласындағы шешімдерді енгізу жоспарлануда.

— Бүгінгі таңда медициналық инфрақұрылым тек жайлылық талаптарына ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік мәселелеріне де сәйкес келуі керек. Біз күн сайын көптеген пациенттер мен медицина қызметкерлерін қабылдайтын ғимараттар туралы айтып отырмыз. Сондықтан госпитальді жаңғырту медициналық көмекті одан әрі дамыту және емдеудің заманауи стандарттарын енгізу үшін қажетті қадам, — деп атап өтті Ұлттық госпиталь басшысы.

Айта кетейік, «Совминка» еліміздегі ең көне медициналық ұйымдардың бірі. Оның даму тарихы Қазақстанның бүкіл денсаулық сақтау жүйесімен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта аурухана пациенттерді емдеуді ұйымдастыруға инновациялық көзқарасымен ерекшеленеді. Дәл осы жерде отандық және шетелдік денсаулық сақтаудың көптеген жаңалықтары жүзеге асырылып, көптеген ауру түрлерін диагностикалау мен емдеудің ең озық әдістері енгізілуде. 2023 жылы «Совминка» ресми түрде Ұлттық госпиталь болды.

Дереккөз: Inform.kz