...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда LEZ пилоттық аймағына кіре берісте жол белгілері орнатылуда

Алматыда төмен шығарындылар аймағы (LEZ) пилоттық жобасы аясында жол белгілері мен ақпараттық тақтайшалар орнатыла бастады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Ақпараттық конструкциялар Бөгенбай батыр — Желтоқсан — Абай — Достық көшелерінің квадратында орналасқан пилоттық аймаққа кіре берістерде орнатылуда.

Жоба аясында барлығы 134 жол белгісі мен ақпараттық тақтайша орнату көзделген. Оның ішінде төмен шығарындылар аймағына кіруді білдіретін 5.50 экологиялық жол белгілері, аймақтан шығуды білдіретін 5.51 белгілері, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға арналған ақпараттық табло бар.

«Алматы паркинг» мекемесінде атап өткендей, белгілерді орнату биылғы жылдың 28 сәуірінде басталған LEZ техникалық пилоттық кезеңінің бір бөлігі болып табылады. Бұл кезеңде қозғалысқа ешқандай шектеу, айыппұл немесе кіру ақысы қарастырылмаған.

Пилоттың негізгі міндеті — цифрлық инфрақұрылымды сынау, көлік ағындарын есепке алу жүйелерін баптау, сондай-ақ көліктің атмосфералық ауа сапасына әсерін бағалау үшін деректерді жинау және талдау.

Мамандардың айтуынша, пилоттық режим жобаны одан әрі дамыту бойынша шешімдер қабылданғанға дейін цифрлық сервистердің, ақпараттық жүйелердің және әкімшілендіру тетіктерінің жұмысын тексеруге мүмкіндік береді.

Техникалық пилоттық кезең 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады. Осы уақыт ішінде аймақ аумағында көлік қозғалысы әдеттегі режимде жүзеге асырылады.

Бұған дейін «Парковки Алматы» қосымшасында тіркелген жүргізушілер төмен шығарындылар аймағына кірген кезде push-хабарландырулар ала бастайтыны хабарланған болатын.

2025 жылдың соңында қалада Атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидалары қабылданғанын еске саламыз.

Бұған дейін әкімнің орынбасары Алмасхан Сматлаев 2024 жылы мегаполисте 189 мың тонна ластаушы заттар тіркелгенін, оның 112 мың тоннасы немесе шамамен 60 пайызы автокөлікке тиесілі екенін хабарлаған болатын.

Дереккөз: Inform.kz