
Алматы тауында турист жартастан құлап, зардап шекті — құтқарушылар оны 3 мың метрден астам биіктіктен эвакуациялады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, кеше Алматының Медеу ауданындағы Мыңжылқы шатқалында, 3020 метр биіктікте, Малыш шыңынан түсу кезінде туристік топтың бір мүшесі — 2007 жылы туған жас жігіт жартастан құлап, жарақат алған.
«Оқиға орнына келген ТЖМ қызметкерлері зардап шеккенді жедел тауып, оған алғашқы көмек көрсетіп, эвакуациялауға кірісті. Қауіпсіз жерге жеткізілгеннен кейін турист ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды», — делінген хабарламада.
Ведомствоның қосуынша, топтың тағы үш мүшесі құтқарушылармен бірге қауіпсіз жерге жеткізілген — олар медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Дереккөз: Nur.kz