...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда көпқабатты үйдің жертөлесінде есірткі плантациясы анықталды

Алматы полициясы көпқабатты тұрғын үйдің жертөле бөлмесінде есірткі өсіру заңсыз плантациясын анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Полицияға «102» пультіне есірткіге ұқсас иіс туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері тексеру кезінде арнайы жабдықтар мен тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге жасанды жағдай жасалған жасырын есірткі плантациясының белгілерін анықтады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында бөлмені пайдаланған адамдар анықталды. Тергеу барысында сыртқы түрі кенепке ұқсас ондаған өсімдік бұталары, сондай-ақ кептірілген өсімдік тектес зат табылып, алынды. Сонымен қатар, өсіру және сатуға дайындау үшін қолданылатын жабдықтар: жарықтандыру құрылғылары, электронды таразылар, вакуумдық орағыш және температураны бақылау құрылғылары тәркіленді.

Қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Әбдімасаров мұндай фактілер ерекше бақылауда екенін атап өтті. «Есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру – есірткінің одан әрі таралуына бағытталған қылмыстық тізбектің бір кезеңі. Полицияның уақтылы әрекет етуі мен жедел жұмысының арқасында бұл факт анықталып, жолы кесілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», — деді ол.

Күдіктілер полицияға жеткізілді. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Дереккөз: Almaty.tv