
Алматыда шығарындылар деңгейі төмен аймақтарды белгілейтін жол белгілері мен ақпараттық тақтайшаларды орнату жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
«Алматы паркинг» мәліметінше, жаңа белгілер мен ақпараттық конструкциялар Бөгенбай батыр – Желтоқсан – Абай – Достық көшелерінің квадратында орналасқан шығарындылар деңгейі төмен аймаққа кіреберістерде орнатылуда.
«Жоба аясында барлығы 134 жол белгісі мен ақпараттық тақтайшаны орнату көзделген. Оның ішінде шығарындылар деңгейі төмен аймаққа кіруді белгілейтін 5.50 экологиялық жол белгілері, аймақтан шығуды белгілейтін 5.51 белгілері, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға арналған ақпараттық табло бар», – делінген хабарламада.
Белгілерді орнату биылғы жылдың 28 сәуірінде басталған LEZ жобасының техникалық пилоттық кезеңінің бөлігі екені атап өтіледі. Бұл кезеңде қозғалысқа ешқандай шектеу, айыппұл немесе кіру ақысы қарастырылмаған.
«Пилоттың негізгі міндеті – цифрлық инфрақұрылымды сынау, көлік ағындарын есепке алу жүйелерін баптау, сондай-ақ көліктің атмосфералық ауа сапасына әсерін бағалау үшін деректерді жинау және талдау», – деп нақтылады «Алматы паркингте».
Мамандардың айтуынша, пилоттық режим жобаны одан әрі дамыту туралы шешім қабылданғанға дейін цифрлық сервистердің, ақпараттық жүйелер мен басқару тетіктерінің жұмысын тексеруге мүмкіндік береді. Техникалық пилоттық кезең 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады. Осы уақыт ішінде аймақ аумағында көлік қозғалысы әдеттегі режимде жүзеге асырылады.
Дереккөз: Nur.kz