
Алматыда 6 маусымнан бастап №134 және №140 қалалық автобус бағыттары жұмыс істей бастайды. Бұл қала тұрғындарының көлік қолжетімділігін жақсартуға және жүріп-тұру ыңғайлылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, бағыттарға жеке тасымалдаушы «NomadBus» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын 23 Yutong маркалы электр автобусы шығады — бұл 12 метрлік төмен платформалы автобустар. Әрқайсысының сыйымдылығы 90 жолаушыны құрайды, бұл қарбалас уақытта жоғары жолаушы ағынына тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жылжымалы құрам жоғары жайлылықпен, сыйымдылықпен, тегіс жүріспен ерекшеленеді және қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға сай келеді.
Жаңа бағыттарды іске қосу тасымалдаушының жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылды. Электробустарды қаржыландыру және сатып алу «NomadBus» ЖШС-нің меншікті қаражаты есебінен, қала бюджетінің қаражатын пайдаланбай жүргізілді.
№134 бағыт Алматы-1 вокзалын «Автостанция» соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы 39,7 км. Автобустар күн сайын 05:50-ден 23:00-ге дейін жүреді.
№140 бағыт «Райымбек батыр» метро станциясын «Горный гигант» шағын ауданының соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы 18,4 км. Автобустар күн сайын 05:55-тен 23:00-ге дейін жүреді.
Жаңа бағыттардың іске қосылуы Алматының солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы көлік байланысын жақсартуға, әлеуметтік нысандарға, оқу және медициналық мекемелерге ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv