...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда автобус паркі салу үшін тағы үш жер телімі мәжбүрлеп алынады

Алматы әкімдігі автобус паркін салу үшін Түрксіб ауданындағы үш жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастады. Бұл туралы қала әкімдігінің қаулысында айтылған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес, Түрксіб ауданындағы 9-шағынауданда (әуежай) орналасқан жер телімдері мемлекет қажеттілігі үшін алынады. Коммерциялық кәсіпорынға тиесілі 9 гектарға жуық жер мәжбүрлеп иеліктен шығарылады. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі – 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының «Қала жер орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына меншік иелерін заңнамада белгіленген тәртіппен хабардар ету тапсырылды.

Сондай-ақ, «Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы» КММ-не жер телімдерінің меншік иелеріне өтемақы төлеуді қамтамасыз ету және мәжбүрлеп иеліктен шығару іс-шаралары аяқталғаннан кейін жер телімдерін «Алматы қаласының жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы» КММ-нің балансына беру міндеттелді.

Бұған дейін Алматыда Түрксіб ауданының «Қайрат» шағынауданында жол салу үшін 200-ге жуық жер телімі алынатыны хабарланған болатын.

Дереккөз: Zakon.kz