
Алматыда «Жасыл ел» жас еңбек отрядтарының жаңа маусымының салтанатты ашылуы өтті. Биыл жоба аясында 2100 жас пен жасөспірімді жұмыспен қамту жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ашылу рәсіміне Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының өкілдері, жастар ұйымдары, еңбек отрядтарының бойыздары, еріктілер мен қала жастары қатысты.
Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Әзіз Қажденбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жастарды қолдау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы азаматтардың экологиялық санасын жаңартуға бағытталған маңызды бастама. Бұл бастама тек тазалықты сақтау мәселелерімен шектелмейді. Ол қоршаған ортаға жауапкершілік мәдениетін, еңбекке құрметті, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті және қоғамға пайда әкелуге ұмтылысты қалыптастырады. Осыған орай Алматы қаласының әкімдігі жастарды жан-жақты қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біздің басты мақсатымыз – жастарға мүмкіндіктер жасау, оларды еңбек қызметіне, қоғамдық өмірге тарту және әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру. «Жасыл ел» жобасы осы мақсаттарға жетудің ең тиімді бастамаларының бірі. Ол жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға, туған қаланың абаттандыруына және экологиялық мәдениеттің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді», – деді Әзіз Қажденбек.
Бүгінде Алматы жастар саны бойынша еліміздің өңірлері арасында көшбасшы. Қалада 769 мыңнан астам жас тұрады. Оның 472,8 мыңы – жұмыс істейтін жастар, 307,8 мыңнан астамы – жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, шамамен 80 мыңы – жоғары сынып оқушылары.
2005 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жобасы жастар арасында еңбек мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық сананы арттыруға және жастарды қоғамдық пайдалы іс-шараларға тартуға бағытталған.
Жоба жетекшісі Ердәулет Жүнісбектің айтуынша, жазғы маусымда еңбек отрядтарының бойыздары қаланы көгалдандырумен, қоғамдық кеңістіктерді абаттандырумен, аумақтарды санитарлық тазартумен айналысып, экологиялық акцияларға қатысады.
«Көптеген жас үшін «Жасыл ел» алғашқы еңбек мектебіне айналады. Мұнда олар тек практикалық тәжірибе алып қана қоймай, жауапкершілік, тәртіп және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырады», – деп атап өтті Ердәулет Жүнісбек.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматы «Жасыл ел» жобасын іске асыру бойынша еліміздің үздік өңірі деп танылды. Өткен маусымда жоба аясында 2100 жас жұмысқа орналастырылды, сондай-ақ алғаш рет колледж студенттері мен NEET санатындағы жастар кеңінен тартылды.
Жаңа маусым 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Барлық қатысушылар «Жасыл ел» арнайы формасымен қамтамасыз етіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жастарды қамту аясын кеңейту, сондай-ақ жоба аясында экологиялық және қоғамдық бастамалардың санын арттыру жоспарланған.
Дереккөз: Almaty.tv