
Польшаның әуе компаниясы Алматыға арналған арнайы бороттық журнал шығарды. Бұл қаланың еуропалық туристік нарықта танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Журналдың беттерінде Алматының туристік мүмкіндіктері, көрнекті орындары, табиғи локациялары және қалалық бренд ұсынылған. Журнал Алматыға ұшатын рейстерде ғана емес, Польшаның ішкі бағыттарында және әуе компаниясының Еуропа бойынша халықаралық бағыттарында да таратылады.
Жоба Алматы қаласының туризм басқармасы мен әуе компаниясының ынтымақтастығы аясында іске асырылып, шетелдік саяхатшылар арасында қаланы танытуға бағытталған.
Қосымша іс-шара ретінде Алматы туристік саласының өкілдері жетекші польшалық туроператорлармен кездесті. Тараптар ынтымақтастық перспективаларын талқылап, байланыс алмасып, Қазақстан мен Польша арасындағы туристік ағынды арттыру бойынша келесі қадамдарды белгіледі.
Еуропаның ірі әуе компанияларының бірінің бороттық журналында Алматы туралы ақпараттың орналасуы қаланы кең халықаралық аудиторияға таныстыруға және екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.
Дереккөз: Almaty.tv