
Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd. директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Алматы тау кластерінің даму мәселелерін қарады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Kazakh Tourism Development Ltd.» ЖШС бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Almaty Superski жобасының ағымдағы статусы туралы есеп берді. Ашық конкурс қорытындысы бойынша 11 канат жолын салуға француздық POMA компаниясы таңдалды. Бұл компания 1936 жылдан бері жұмыс істеп, 90 елде 8 мыңға жуық жобаны жүзеге асырған әлемдік көшбасшылардың бірі.
Жобада 3S-гондолалар, 10 орындық гондолалық жолдар және креслолық көтергіштер қарастырылған. Ғимараттардың дизайнын Foster + Partners халықаралық архитектуралық бюросы әзірлеген, ал ағаш конструкцияларды канадалық StructureCraft компаниясы жобалайды. Hill International (АҚШ) жобаны басқаруды үйлестіреді.
Премьер-министр мерзімдер мен сапаны қатаң бақылауды, халықаралық қауіпсіздік және экологиялық стандарттарды сақтауды тапсырды. Құрылыс жұмыстары басталып, курортты 2028 жылғы желтоқсанда ашу жоспарланған.
Дереккөз: Inform.kz