
Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде желдету және кондиционерлеу жүйесі жаңартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жұмыстар Мемлекет басшысының тарихи-мәдени мұраны сақтау және музей инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілді.
Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі саналатын Ұлттық орталық музейдің қорында 300 мыңнан астам экспонат сақтаулы. Олардың қатарында археологиялық жәдігерлер, қолжазбалар, құжаттар, өнер туындылары және Қазақстан тарихының басқа да құнды куәгерлері бар.
— Заманауи желдету және кондиционерлеу жүйесі музей құндылықтарын сақтаудың тұрақты жағдайын қамтамасыз етіп, экспозициялық жұмыстың сапасын арттырып, келушілер, зерттеушілер және музей мамандары үшін қолайлы орта қалыптастырады. Жобаны іске асыру үшін мамандандырылған мердігер кәсіпорын тартылды. Жоба Болат Өтемұратов қорының қайырымдылық қолдауымен жүзеге асты. Жұмыстар 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың 20 мамырында аяқталды, — деп атап өтті министрлікте.
Еске сала кетейік, Алтын Орданың тарихи жәдігері Қазақстанның Ұлттық музейіне тапсырылған болатын.
Дереккөз: Inform.kz